ШЫҰ шеңберіндегі мүдделер мен мүмкіндіктердің кейбір астарлары
DOI:
https://doi.org/10.26577/IRILJ.2019.v86.i2.03Аннотация
Бұл мақалада Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі мүше-мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық ынтымақтастықтың даму үдерісінің кейбір астарлары қарастырылады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғаннан бері экономикалық, саяси, қауіпсіздік және мәдени ынтымақтастық салаларында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Дегенмен де әртүрлі елдердің даму деңгейлерінің біркелкі болмауы, мүше-елдер арасындағы өзара сауда байланысына жәрдемдесудің төмен деңгейде болуы, жалпы ынтымақтастық саласындағы кейбір теңсіздіктердің орын алуына мүмкіндік туғызуда. Қазіргі кезде ШЫҰ шеңберінде көлік тасымалы, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, ауылшаруашылық өндірісінің кешені мен шекаралық ынтымақтастық және тағы басқа да салалар бойынша жүзден астам экономикалық бағдарламалар жобаланған. Аймақтық ахуалдың біртіндеп тұрақтануы, мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына деген ұмтылысы және мүшелікті кеңейту, ұйымның экономикалық ынтымақтастық әлеуетін айтарлықтай арттырды. Әрине Шанхай ынтымақтастық ұйымының алғашқы кеңеюі, яғни өз қатарына жаңа толыққанды мүше мемлекеттер ретінде Үндістан мен Пәкістанды қосуы, экономикалық ынтымақтастық әлеуетінің артуымен бірге халықаралық ықпалының да ұлғаюын білдіреді. Осыған байланысты Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы экономикалық және сауда жүйесіндегі келісімдерді одан әрі ілгерілету, инвестициялар бойынша келіссөздерді ынталандыру, көпқырлы үйлестірілген инвестициялық және қаржы жүйесін құру, ынтымақтастық бағыттарын кеңейту, аймақаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту және өзара байланыстыруды жеделдету арқылы өңірлік экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін алаң болып табылады.
Түйін сөздер: мемлекет, әлеуметтік-саяси, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, өңірлік экономикалық ынтымақтастық, сауда және инвестицияларды жеңілдету.