Еуропалық Одақ пен Еуразиялық Экономикалық Одақ үлгісінде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін халықаралық-құқықтық реттеу
Аңдатпа
Тамақтанудағы қауіпсіздік мәселесі көптеген ғасырлар бойы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Дегенмен соңғы үш жылда аталған сұрақ неғұрлым өткір сипат алуда.
Қазіргі таңда қауіпсіз емес тамақтар тек адам денсаулығы үшін қауіпті ғана емес, сондай-ақ денсаулық сақтау саласы мен азық-түлік қауіпсіздігіндегі ғаламдық қауіптің бірін құрайды. Сондықтан азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету адам денсаулығын анықтайтын маңызды факторлардың бірін құрайды және мемлекеттің, жалпы тұтастай әлемдік қоғамдастықтың
маңызды міндеті болып табылады.
Аталған зерттеудің негізгі мақсаты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі екі ірі
аймақтық интеграциялық одақ – Европалық Одақ пен Евразиялық экономикалық одақ үлгісіндегі
әлемдік-құқықтық тәжірибені зерттеу. Аталған жұмыс аясында ЕО пен ЕАЭО азық-түлік
заңдарын қарастыру, сондай-ақ осы саладағы негізгі құқықтық құжаттардың негізгі ережелері
мен параметрлерін салыстырмалы зерттеудегі синхронды әдісті қолдана отырып салыстырмалы
анализ жасалды. Мақаладағы зерттеліп отырған тақырып сұрақтары бойынша толық және жан-
жақты ақпарат алу мақсатында әртүрлі отандық, ресейлік және көптеген шетелдік зерттеу
жұмыстары, жинақтар, брошюралар мен ФАО, ДДҰ, ХҚК және «KAZNEX INVEST» секілді ұлттық
және дүниежүзілік ұйымдардың нұсқау материалдары қарастырылды.
Жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде ЕО пен ЕАЭО азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы
заңдардың ұқсастығы мен өзгешелігі, өзекті мәселелері мен келешегі анықталды.
Аталған мақала ЕО пен ЕАЭО азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында негізгі
нормативтік-құқықтық талаптармен танысуға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: тамақтану қауіпсіздігі, Еуропалық Одақ, ЕАЭО, азық-түлік өнімдері.
