Неореализм мен неоклассикалық реализмнің біріккен тұжырымы негізінде Израиль-Палестина қақтығысы
DOI:
https://doi.org/10.26577/IRILJ20251121Аннотация
Зерттеу жұмысында Израиль-Палестина қақтығысының халықаралық қауымдастықтың тұрақты назарын, ауқымды адам шығынын және көп мәрте жүргізілген дипломатиялық әрекеттерді ескергеннің өзінде неге сақталып отырғаны талданады. Зерттеудің мақсаты – халықаралық жүйе деңгейіндегі қысымдар мен екі тараптың ішкі саясаты арасындағы өзара байланысты түсіндіретін тұғырнамалық негіз ұсыну. Неореализм және неоклассикалық реализм қағидаларына сүйене отырып, автор күш асимметриясы, ұлы державалардың ұстанымдары және аймақтық делдалдық ішкі коалициялар, мемлекеттің институционалдық әлеуеті, қауіпсіздік секторының ынталандырулары, идеологиялық бағдарлар және көшбасшылардың қабылдауы арқылы өңделіп, төрт өлшемді (израильдік, палестиналық, аймақтық және халықаралық) тығырық қалыптастырады деген гипотеза ұсынады; бұл тығырық келіссөз жүргізу мүмкіндіктерін жүйелі түрде тарылтады. Әдіснамалық тұрғыдан мақала негізгі бетбұрыс кезеңдерін қамтитын сапалық салыстырмалы кейс-талдауды қолданады (1948, 1967, 1973/Кэмп-Дэвид, Осло, 2006-2007, 2008-2021 жылдардағы Газа соғыстары және 2023-2025). Негізгі нәтиже ретінде тұрақты механизм айқындалады: сыртқы қысымдар жалпы жағдайды қалыптастырғанымен, шешім қабылдау логикасын ішкі саяси шектеулер айқындайды. Соның нәтижесінде Израиль жағында аумақтық «орнықты фактілерді» бекіту үрдісі сақталса, Палестина жағында тұрақты емес (иррегуляр) тактикалар халықаралық институттарға және сыртқы қолдауға жүгінумен ұштасады. Аймақтық акторлар дағдарыстарды оқшаулауға және басқаруға ұмтылады, ал АҚШ қолдауы көпжақты қысымның ықпалын шектейді. Зерттеудің теориялық үлесі интегративті сипатқа ие: бытыраңқы қорытындылар уақыт кезеңдері мен эскалация деңгейлері әртүрлі жағдайларда қолдануға болатын біртұтас түсіндірмелік үлгіге біріктіріледі. Қолданбалы тұрғыдан келіссөз алаңын кеңейту үшін жүйелік ынталандырулар мен ішкі «вето-ойыншыларға» бір мезгілде ықпал ететін өзара байланысқан саясат пакеттері ұсынылады.
Түйін сөздер: Израиль-Палестина қақтығысы, неоклассикалық реализм, неореализм, күш асимметриясы, келіссөз тығырығы.
