Түрік еуразияшылдығының негізгі дискурстары және олардың Түркияның сыртқы саясатына ықпалы
DOI:
https://doi.org/10.26577/IRILJ.2024.v108-i4-a2Аннотация
Бұл мақалада түрік еуразияшылдығының (Avrasyacılık) түрлі нұсқалары мен дәстүрлерінің саяси және идеологиялық мәні ашылып көрсетіледі. Түрік еуразияшылдығының концептуалдық, теориялық және идеологиялық негіздерін талдай отырып, біз олардың Түркияның сыртқы саясатына қаншалықты ықпал ететіні ашып көрсетеміз. Түрік еуразияшылдары Түркияның Батыспен ара қатынасын үзіп, Еуразия құрлығындағы елдермен одақтасуына басымдық береді. Зерттеудің нәтижелері түрік еуразияшылдығының барлық түрлері белгілі бір дәрежеде антиимпериалистік, Батысқа қарсы бағытталған анти-гегемониялық дискурстар екенін көрсетті. Олардың барлығы Түркияның сыртқы саясаттағы стратегиялық дербестігіне және Еуразияға қарай ойысуына басымдық береді. Бұған қоса түрік еуразияшылдарының елдің сыртқы саясатында терең парадигмалық өзгерістерді талап еткеніне қарамастан, олардың жеткілікті ықпалға ие емес екені, сондай-ақ олардың Түркияның сыртқы саясатына ықпалының айтарлықтай шектеулі екені айқындалды. Биліктегі Әділет және даму партиясының (АК партия) және оның жетекшілерінің түрік еуразияшылдарымен одақ құруына қарамастан, Түркияның сыртқы саясаты сентиментализм мен идеологияға емес, ең алдымен реализм мен прагматизмге негізделгені анықталды. Осы тұрғыдан келгенде, Түркияның Батыстан біржолата алшақтауы мен оның Еуразияға бағытына қарай толық ойысуы туралы тұжырым жасау тым ерте, өйткені Анкараның қауіпсіздігі мен сыртқы саясаты Батыспен етене тығыз байланысты.
Түйін сөздер: түрік еуразияшылдығы, кемализм, ұлтшылдық, неоосманизм, пантүркизм, исламшылдық, Түркия, Батыс, Еуразия
