ЕО елдерінің COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі көші-қон саясаты: жақындасу немесе алыстау?
DOI:
https://doi.org/10.26577/IRIJ.2022.v99.i3.01Аннотация
Бұл жұмыс COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі ЕО елдерінің көші-қон саясатының жекелеген аспектілерін зерттеуге арналған. Коронавирус пандемиясы қоғамның барлық салаларына әсер етті, соның ішінде әлемнің барлық елдерінде халықтың ұтқырлығының жаппай төмендеуіне әкелді. Осы жұмыстың мақсаты ЕО елдері үшін COVID-19 пандемиясының ішкі және халықаралық көші-қон және көші-қон саясатын іске асыру саласындағы салдарын талдау болып табылады. Зерттеу Еуростаттың, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның, Халықаралық еңбек ұйымының ресми деректеріне, талдамалық есептерге және тұтастай Еуроодақтың, сондай-ақ жекелеген мемлекеттердің құқықтық құжаттарына негізделеді. Жұмыста аналитикалық және салыстырмалы әдістер қолданылды. Талдамалық әдіс шеңберінде коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға, ЕО елдеріндегі шетел азаматтарының жекелеген санаттарын әлеуметтік және құқықтық қолдауға бағытталған көші-қон саясаты саласындағы кейбір нормативтік-құқықтық құжаттарға мазмұнды талдау жүзеге асырылды. Салыстырмалы әдіс бірқатар ЕО елдерінде пандемия кезінде көші-қон саясатының жекелеген шараларын жүзеге асыру құралдары мен механизмдерін салыстыруға және ең сәтті тәжірибелерді белгілеуге мүмкіндік береді. Біздің зерттеуіміз, бір жағынан, ЕО деңгейінде қабылданған бірқатар шаралар ұтқырлықты қалпына келтіру және ЕО-да кедергісіз қозғалуды қамтамасыз ету мәселелерінде өзінің тиімділігін көрсетті. Екінші жағынан, ЕО-ға мүше елдер, ең алдымен, ұлттық мүдделерге назар аудара отырып, өз елінің шеңберіндегі көші-қонды дербес реттеу мәселелерінде жеткілікті кең өкілеттіктерге ие болды. Жұмыста алынған нәтижелер, біріншіден, жаһандық дағдарыс жағдайында көші-қонды басқарудың тиімді құралдары үшін, екіншіден, интеграциялық бірлестіктерге кіретін мемлекеттердің көші-қон саясатын жүзеге асырудың мүмкіндіктері мен шектеулерін тереңірек зерттеу үшін қолданыла алады.
Түйін сөздер: ЕО елдерінің көші-қон саясаты, COVID-19 пандемиясы, көші-қон режимі, халық пен мигранттарды әлеуметтік қолдау, көші-қон дағдарысы, пандемияның демографиялық дамуға әсері.