Тұрақты даму мен көші-қон арасындағы өзара байланыс: еңбек және білім көші-қонына байланысты кейбір теориялық аспектілер
DOI:
https://doi.org/10.26577/IRIJ.2022.v99.i3.02Аннотация
Көші-қон процестері қазіргі заманғы халықаралық қатынастарды трансформациялау процесінде елдердің даму cтратегиясының ажырамас бөлігіне айналды. Еңбек көші-қоны дамуға қатты әсер ететін негізгі көші-қон үрдісі болып табылады. Сарапшы мамандардың назар аударатын тағы бір бағыты – білім көші-қоны. Аталған көші-қон үрдістерінің екеуін де көптеген факторлар арқылы талдауға болады, ал олардың арасында теориялық көзқарас ретінде «тұрақты даму» үлкен маңызға ие. Бұл мақала мемлекеттердің адами және еңбек әлеуетін пайдалануды зерттеуге, тиісті нормативтік-құқықтық базаны құруға, өңірлік деңгейде ортақ еңбек нарығын қалыптастыруға және көшіп-қонушы еңбек-мигранттардың барлық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басым назар аудара отырып ұлттық еңбек нарықтарының ортақ мәселелерін реттеуге бағытталған шараларды қабылдау жолдарын зерттеуге арналған.
Осы тұрғыда «тұрақты дамуға» БҰҰ-ның жаңа тәсілі және сарапшы мамандардың ортақ даму тұжырымдамасы аясындағы жаңа көзқарасы ретінде қарастыру қажет. Сондай-ақ, көші-қон мен даму арасындағы өзара байланысты тұрақты дамудың 17 мақсаты (ТДМ) арқылы зерттеу маңызды. Аталған тұрақты дамудың 17 мақсаты көші-қон мәселелерін тікелей айқындамаса да, олардың өзара байланысы тұрақты дамудың көптеген процестерін түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еңбек және білім мигранттарының көші-қон процесінің негізгі қатысушылары ретіндегі рөлін, олардың еңбек нәтижелері мен мәдени аспектілері арқылы қабылдаушы мемлекетке қосқан үлесін, сондай-ақ ақша аударымдары, алған дағдылары мен жаңа білімі арқылы өз елдеріне қосқан үлесін атап өтуіміз керек. Пандемия дүние жүзіндегі барлық мигранттардың жағдайын ушықтырды, дегенмен, мигранттар мұндай жағдайда да өз елдерінің дамуына ықпал ететінін көрсетті. Ендеше, пандемиядан кейінгі кезеңдегі еңбек және білім көші-қоны тұрақты дамудың күшейтілген драйверіне айналуы мүмкін.
Түйін сөздер: тұрақты даму, 17 ТДМ, көші-қон және даму, білім көші-қоны және тұрақты даму мақсаттары.