Соғыс жылдарындағы (1941-1943) Қазақстан аумағындағы дипломатиялық белсенділік: поляк өкілдіктерінің өкілеттіліктері туралы мәселе
Аңдатпа
Бұл мақалада Қазақстан аумағындағы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы поляк дипломатиясының халықаралық және әскери-саяси аспектілері қарастырылады. Жетпіс жылдан астам уақыт бұрын үлкен соғыс перифериясында орналасқан Қазақстан келесі әскери қимылдарға қатысуға жиналған жүз мыңдаған поляк үшін Орта Азиядағы негізгі мекенге айналды. Осы жерде Польшаны азат етуші рөлін атқаруы мүмкін болған генерал Андерстің басшылығымен Армия құрылды. Бұл – келешек Польша тағдырын шешетін алғашқы қадамдардың бірі еді. «Поляк мәселесі» – антигитлерлік коалиция одақтастарының саяси келіссөздері мәселелерінің бірі. ҚазССР-і аумағында тоғыз делегатура – Польша Елшілігі және Поляк Армиясы өкілеттіліктерінің ашылуы дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тарихи оқиғаға жатады (1941-1943). Қазақстан халықаралық ұйымдармен, КСРО сыртқы істер министрлігімен, «поляк мәселесін» шешуге байланысты Польша елшіліктері өкілдіктерімен болған байланыс арқылы үлкен халықаралық тәжірибе жинады. Поляк миссияларының мақсаты – поляк армиясы үшін солдаттар мен офицерлерді қысқа уақыт ішінде жинау болды. Мақала поляк делегатураларының ашылуына, олардың сапалы құрамының болғанына, поляк дипломаттарының қызмет саласына, олардың азаматтық және әскери тұлғаларды қолдаудағы күрделі жұмысына, кеңестік және партиялық органдармен қарым-қатынасының болғанына куәлік ететін мұрағаттық деректерге сүйенген. Поляк дипломаттары Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық поляктарға жан-жақты көмек көрсетуге өкілеттілігі болған. Қазіргі уақытта поляк диаспорасы (қазақстандық поляктар) Қазақстан мен Польша қарым-қатынастарындағы өзіндік көпірге айналды.
Түйін сөздер: Майский-Сикорский келісімі, делегатура, елшілік өкілдіктері, амбасада (елшілік), Андерс Армиясы, поляк диаспорасы.
