Елдің экономикалық дамуы мен табиғи ресурстардың арақатынасы туралы мәселе
Аңдатпа
Мақалада елдің экономикалық даму сипатына ресурстық байлықтың әсері қарастырылады.
«Табиғи ресустар байлығы» және «экономикалық өсу» ұғымдарының байланысы, сонымен қатар
олардың бір-біріне әсері экономикалық ғылымда кең танымал. Көптеген экономист ғалымдардың
зерттеулеріне сәйкес, табиғи ресурстардың мол болуы көптеген елдер үшін игілік емес
«қарғысқа» айналып, елдің дамуы мен экономикалық ілгерілеуіне әсер етіп, макроэкономикалық
тұрақсыздық пен төмен ұзақ мерзімді экономикалық өсуінде көрінеді. Бұл жұмыстағы басты
мақсат ел экономикасындағы табиғи ресурстар мен табиғи жағдайлардың рөлін нақты
көрсету болып табылады. Территориялық ерекшеліктер мен табиғи байлықтар толықтай елдің
экономикалық дамуында қалай реттеуші құрал болып шығады? Мақалада табиғи ресурстарды
бағалау тәсілдеріне шолу жасалған және экономикалық бағалау мақсатында табиғи ресурстардың
классификациясы ұсынылған. Бағалаудағы негізгі қиындықтар ресурстар мен ресурстарды
тұтыну процесін экономикалық бағалаудың жалпы мақұлданған әдістемесінің болмауынан
және сәйкес құқықтық, нормативтік-әдістемелік базаның әлсіздігінен туындайды. Бұл табиғи
ресурстарды негізгі өндірістік қорлар, ғимараттар және басқа да құрылыстар құндарымен қатар
ұлттық байлық құрамында көрсетуге, есептеуге жол бермейді. Осыған байланысты ең негізгі
мәселе – ол табиғатты құраушы әр түрлі компоненттерді бағалаудың бірыңғай көрсеткіштер
жүйесін жасауға мүмкіндік беретін, табиғатты пайдалану мен экономика мүдделерін түйістіру
тұрғысынан оптималды болып есептелетін, табиғи ресурстарды экономикалық бағалаудың жалпы
концепциясын жасау болып саналады. Қазіргі таңда экономикалық ғылымда табиғи ресурстар
ұлттық байлық құрылымында көрініс табу үшін табиғи ресурстарды экономикалық бағалаудың
негізгі тәсілдері дамып отыр.
Түйін сөздер: табиғи ресурс, табиғи ресурстардың молшылығы, табиғи байлық, «ресурсы
мол» елдер, капитал, табыс, шикізат.
